Такси қызметі: Қазақстанның кейбір қаласында баға арзандаған

113

Зерттеу Яндекс Go қызметінің "Эконом" тарифі негізінде жүргізілген.  

Такси қызметі: Қазақстанның кейбір қаласында баға арзандаған Фото: gov.kz

Есепке алғашқы километр құны және одан кейінгі әр километрдің бағасы алынған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жыл ішінде такси қызметінің құны көп өзгере қоймады. Кейбір қалада баға бұрынғы қалпында қалып отыр.

Такси қызметінің бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Олар: ауа райы, сұраныс, адамның мекенжайы. Жауын-шашынды күні сұраныс артып, сәйкесінше баға да көтеріледі. Сонымен бірге адамдар жұмысқа баратын, үйіне қайтатын шақта дәл осындай жағдай болады.

Бағаға күту уақыты, үй жануарларын тасымалдау қызметі, балаларға арналған креслоның бар-жоғы да әсер етеді. Ал мұндай қызмет әзірге тек бірнеше қалада ғана кездеседі.

2024 жылмен салыстырғанда биыл такси қызметінің құны аз ғана көтерілді. Көпшілігінде баға сол күйі өзгеріссіз қалған. Былтырғыдай ең арзан тариф Тараз қаласында болып тұр. Мұнда алғашқы шақырымы 220 теңге болса, әрі қарай 60 теңгеден қосылады.

Одан кейінгі орында Екібастұз, Қызылорда мен Түркістан қалалары тұр. Мұнда алғашқы бір шақырымы – 240 теңге. Ал кейінгі шақырымдарына 65, 60 және 55 теңге есептеледі.

Ақтөбе қаласында да баға сол күйі сақталған. Мұнда алғашқы шақымына 270 теңге, әрі қарай 60 теңге есептеледі. Қостанай, Петропавл мен Ақтауда такси қызметінің шақырымы 280 теңгеден басталады. Әрі қарай Петропавлда өзге екеуіне қарағанда тариф қымбат. Себебі әр шақырымына 70 теңге қосылады.

Талдықорғанда такси қызметінің алғашқы шақырымына 285 теңге есептеледі. Бір жыл бұрын мұнда 280 теңге болды. Қазіргі кезде кейінгі шақырымдарына 64 теңгеден қосылады.

Тарифі төмен қалалар тізімін Павлодар түйіндеп тұр. Мұнда алғашқы шақырымы 290 теңге болса, кейінгісіне 64 теңгеден қосылады. Былтыр дәл осы баға Шымкент қаласында да тіркелді.

Орал мен Семейдегі тариф – 300 теңге. Әрі қарай бірінде 64, екіншісінде 65 теңгеден қосылады. Бұл екі қалада да тариф өзгеріссіз қалды.

Шымкент қаласында тариф өсті. 2024 жылы алғашқы шақырымы 290 теңге болса, қазір ең кем дегенде 310 теңге сұрайды. Кейін әр шақырымына 60 теңге есептейді.

Атырау мен Қарағандыда такси шақыру қызметінің тарифі 320 теңге. Былтыр да дәл осы баға тіркелді. Шахтерлер қаласында кейінгі шақырымы 70 теңге болса, мұнайшылар қаласында 57 теңге есептеледі.

Жезқазған қаласында баға жоғары болып тұр. Алғашқы шақырым мұнда 370 теңге, кейін 50 теңге. Ал Көкшетауда 350 теңгеден басталып, әр шақырымына 58 теңге қосылады.

Дәл осы қатарға Өскемен қаласы да жайғасты. Мұнда бірінші шақырымына 370 теңге, кейін әр шақырымына 73 теңге есептеледі. Бұл – Қазақстан бойынша ең жоғары тариф.

Бірінші орында – Алматы мен Астана қалалары. Мұнда былтырға қарағанда биыл тариф 20 теңгеге өсті. Алқашқы шақырымына 420 теңге есептеліп, кейін әр шақырымына 65 теңге қосылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу