Ринат Зайытов: Бірде-бір заңның халыққа пайдасы тиіп жатқан жоқ

1709

Такси қызметін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру ұсынылып отыр.  

Ринат Зайытов: Бірде-бір заңның халыққа пайдасы тиіп жатқан жоқ Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов такси қызметіне қатысты заң жобасын талқылау барысында мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жалпы Мәжіліске келгелі Үкімет мүшелерінің бастамашылығымен әзірленген бірде-бір заңның халыққа пайдасы тиіп, жұмыс істеп жатқанын көрген жоқпын. Бәлкім, көрмей жүрген шығармын. Марат Кәрімжанұлы, бізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын бір емес, екі палата бар. Жол тасымалдау шағын кәсіпкерлікке жатады. Неге бұны солар басқара салмайды? Әйтеуір бәріне бір-бір қожайын тауып береміз. Сондықтан сізге қоятын бірінші сауалым мынау. Осыншама таксистерді отарлаудың қажеттілігі қанша? Екіншіден, такси жүргізушілері – шулы қауым. Ертең дүрлігетін болса, өзім таксимен жиі жүретін адам болған соң, кім көрінгеннен сөз естігім келмейді. Дүмпу болатын болса, жауапкершілікті өз мойныңызға алып, жауап бере аласыз ба?", - деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.

Көлік министрі Марат Қарабаев мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты.

"Бірінші сұрағыңызға келсек, біз министрлікке такси жүргізушілерін бірнеше рет жинадық. Шыны керек, үлкен агрегаторлардың қасында олардың құқығын қорғайтын ешкім қалмады. Сондықтан екеуі өзін-өзі реттейтін бір ұйымға мүше болған соң олардың қабылдаған қағидасында ең алдымен біздің қарапайым жүргізушілер өздерінің құқықтарын қорғайтын талаптарды қоя алады және соны талап ете алады. Мен қазір ғана атап өткенімдей, 10 мың адам ресми түрде такси қызметін атқарып жүр", - деді ведомство басшысы.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жауапкершілікті алу үшін таксимен жүру керек екенін баса айтты.

"Зайытов мырза да таксимен жүре ме?", - деп сұрады Қошанов.

Депутат Ринат Зайытов таксимен жиі жүретінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу