Елордада алғашқы ірі креативті хаб өз жұмысын бастады. Шығармашылық кеңістік Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бұл сала еліміздің экономикасын өркендетуге тың серпін беретініне сенім білдірген еді.
Креативті хабтың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Қонақтар сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен танысып, ұлттық болмысты сақтауда қазақтың дәстүрлі ою-өрнегін қастерлеп-насихаттаудың маңызы зор екенін айтты.
Ауданы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимарат нетворкинг жасап, креативті индустрия жобаларын жүзеге асыру алаңына айналмақ. Хаб бірнеше бағыттағы аймақтарға бөлінген. Атап айтқанда, кітап дүкені мен отандық баспалардың өнімдеріне арналған оқу залы, этно-мұражай, қолөнер шеберханалары, заманауи өнер қойылымдары, музыкалық және әдеби кештер алаңы, сонымен қатар "Smart nomad games" жобасы мен заманауи өнер галереясы бар.
Осындай хабтарды Қазақстанның барлық аймағында ашу жоспарлануда. Олар шығармашылық жобаларды іске асыруға және коммерцияландыруға, сондай-ақ шығармашылық нарыққа жүздеген маман қосуға ықпал етеді.