Talapai стартап жобасының авторын Louis Vuitton Парижге шақырды

591

Жоба туралы идея былтыр тамыз айының аяғында туындаған. 

Talapai стартап жобасының авторын Louis Vuitton Парижге шақырды Фото: inform.kz

Ұлттық ойындарды жаңғыртуды мақсат еткен 22 жасар қазақстандық Айнұр Полатованы Louis Vuitton Парижге шақырды, деп жазады inbusiness.kz turkystan.kz порталына сілтеме жазып.

Ол  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің 1-курс магистранты.

"Бастапқыда бұл жобаға жеті ойын кіріктіремін деп жоспарлаған едім, бірақ қаражат тапшылығына байланысты бес ойын ғана енгізуіме тура келді. Олар – "Бес тас", "Құмар", "Ағаш үй" бестемшесі, "Тұмар" бестемшесі және "Тоғызқұмалақ" ойындары. Тағы төрт-бес ойын әзірлеп қойдым. Қаражат мәселесі шешілген соң оларды да шығарып қалармын деген ойдамын", - деді Talapai стартап жобасының авторы берген сұхбатында.

Ақпаратқа сәйкес, ол биыл қаңтар айының ортасында танымал Louis Vuitton-ға хат жолдап, стартап жобалармен айналысып жүргенін айтқан. Компания екі аптадан соң кері байланысқа шығып, қазақстандық қыздың идеясы ұнағанын, алдағы уақытта оны Францияда күтетінін жеткізген. Айнұр Полатова Парижге жазда баруды жоспарлап отырғанын айтты.

"Ел ішінде жаңалық таралғалы бері көпшілік жақсы пікір жазып жатыр. Арасында "Ертең Louis Vuitton идеяң­ды ұрлап алады. Ал сен далада қаласың" дегендей, бірді-екілі жағымсыз пікір жазып жатқандар да бар. Олар Louis Vuitton-ға хат жазған кезде, өз ойымды нақты жеткізгенімді, мен тек белгілі бір келісіммен жұмыс жасайтынымды білсе екен деймін", - деді жоба авторы.

Оның сөзінше, бұл жобаға 1 миллион теңгеден де көп қаражат жұмсаған.

"Бұл – өте маңызды жоба. Бұған жүрдім-бардым қарай салуға болмайды. Бұл – мен ойлап тапқан ойын емес, халықтың ойыны. Дизайн құрастыру, қайта жаңғырту жағынан үлесім бар шы­ғар. Бірақ ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарды халық назарына шығаруды көздеген менде көпшіліктің көңілінен шықса екен деген ниет басым болғандықтан, әзірлеп жатқан дүниемнің сапалы болғанын қаладым", - деп атап өтті Айнұр Полатова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу