Талапқа сай келмейтін сүт өнімдері анықталды

1291

Ұлттық сараптама орталығы техникалық талапқа сәйкес келмейтін сүт өнімдерінің тізімін жариялады.

Талапқа сай келмейтін сүт өнімдері анықталды

Биылғы 1 жартыжылдық қорытындысы бойынша 166 сүт сынамасының 32-сінде май-қышқыл құрамы бойынша табиғи ингредиенттердің орнына алмастырғыштар қолданылғаны белгілі болды. Осылайша, олардың "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталып отыр, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық сараптама орталығының ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Бұл өнімдер зерттеуге халық тұтынатын тауарлар сапасының мониторингі негізінде келіп түсті. Жалған өнімдер тізімінде Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның сүт өнімдері бар, сәйкессіздіктердің 78%-ы отандық өнімге тиесілі. Сары май, сүт және қаймақта талапқа сай келмеу дерегі басымырақ. Бұл өнімдердің таңбаларында табиғи ингредиенттер пайдаланылғандығы көрсетілгенмен, зерттеу барысында алмастырғыштар анықталды", – деп жазылған хабарламада.

Ұлттық сараптама орталығы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сәдуақас Байғабылов жалған өнімді дайындаудың кең таралған түріне табиғи сүт майын неғұрлым арзан өсімдік майларымен (пальма, соя және басқа да майлармен) немесе сүттің майын жануар майларымен (сиыр еті, шошқа еті, балық майы) ішінара немесе толық ауыстыру жататынын айтты.

Ақпаратта көрсетілгендей, зертханалық зерттеулерде ғана майлардың өзіндік құрамын және май қышқылдарының қатынасын анықтауға болады. 

Жасанды сүт өнімдерін жиі пайдалану денсаулыққа зиян. Ол А және Д дәрумендерінің жетіспеушілігіне, ересектерде остеопороз және балаларда рахит ауруының, аллергиялық реакциялардың барлық түрінің пайда болуына әкелуі мүмкін.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу