Талапкер оқуға түсу үшін ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады

1120

Бесіншісінде ақылы бөлімге қабылданып, грантқа ауысуға мүмкіндік бар.  

Талапкер оқуға түсу үшін ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналистермен өткен онлайн брифингте БАҚ өкілдерін ҰБТ-дан науқан жасамауға шақырды.

"Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 жылдан бері өткізіліп келе жатқан рәсім. 16 жылда бұған дағдыланатын кез келді. ҰБТ-ны жазда ту етіп ұстап, үлкен мәселе етіп көтеруді түсінбеймін. Әлбетте, бұған 100 мыңнан астам адам қатысады. Дегенмен бұған науқан ретінде емес, оқуға түсу емтиханы ретінде ғана қарау керек. Қазір бұл емтиханды бір емес, төрт рет тапсыруға мүмкіндік бар. Талапкер оны да тапсыра алмаса, тамыз айында ақылы оқуға түсуге бақ сынап көруіне болады. Жылына бірнеше мың адам оқуға ақылы негізде түсіп, босаған грантқа ауысып жатыр. 50 балдан жинап грант алған талапкер де болды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізген кезде өңірлердің сынақ нәтижелеріне мақтанып, жарысуына қатысты пікір білдірді.

"ҰБТ бойынша өңіраралық рейтинг жоқ. Бұрын өңірлер жарысатын, бірақ алдыңғы жылы бұны алып тастадық. Бірте-бірте бұл туралы мүлде сөз қозғамайтын боламыз. Әр облыста ҰБТ-ға қатысушылар саны әр түрлі. Өйткені, бұған біз білім беру сапасының көрсеткіші ретінде қарай алмаймыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуді үлкен проблема емес, жылда өтетін стандартты мәселе, күнделікті болатын қалыпты жағдай ретінде қабылдауымыз керек", – деп атап айтты министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу