Ал орташа балға келетін болсақ, ол 65 балды құрады. Ең жоғары балл – 134.
Наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 105 мыңға жуық өтініш тіркелді, оның жартысынан көбі тестілеуді тапсырып үлгерді. Түлектердің 74,2%-ы қазақ тілінде, 25,6%-ы орыс тілінде, 0,2%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Наурыз айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 130 бала қатысты. Айта кетсек, биыл алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт берілді.
Ең көп таңдалатын бейіндік пәндер комбинациясы өзгеріссіз қалды. "Математика-Физика" комбинациясын қатысушылардың 25%-ы таңдаса, "Химия-Биология" пәндерін 17% таңдаған. Ең аз таңдалатын комбинация – "Химия-Физика" (0,13%).
"Наурыздағы ҰБТ 4-31 наурыз аралығында 43 өңірлік тестілеу орталығында өтті. Өткізу форматы мен сұрақтар саны өзгермейді. Наурыз айындағы ҰБТ-ның жаңалықтарының бірі – біз жеке тақырыптық талдау енгіздік. Тестілеу нәтижелері бойынша тестіленушілердің жеке кабинетінде тек жинаған балл көрсетілген сертификат қана емес, сонымен қатар әр пән тақырыптары бойынша талдау да болады. Тестіленуші қандай тақырыптан қате жібергенін көріп, сол бойынша жұмыс жасай алады. Бұл түлектерге жазғы ҰБТ-ға сапалы дайындалуға көмектеседі деп үміттенеміз", – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен 63 талапкер айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ үш деңгейлі жүйе бойынша өткізіледі. Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тестілеу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу алғаш рет "бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші" қағидасы бойынша өткізілді. Егер бұрын тестілеу барысы әр компьютердің үстінде орналасқан бір ғана камерадан бақыланса, енді ҰБТ кезінде жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (алдыңғы) камера орнатылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 135 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Сонымен қатар талапкерлердің таңдауы бойынша наурыздағы ҰБТ-да ІТ дайындық бағыттарына түсу үшін "Математика+Информатика" комбинациясын таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Қазір бұл комбинацияны 754 тестіленуші таңдаған. Дегенмен биыл бейіндік пән ретінде "Физика" қала береді. Өзгеріс 2022-2023 жылдан бастап енгізіледі.