Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары 12 жылға сотталды

1422

Әсет Шаяхметов осыдан бір жыл бұрын, яғни 2017 жылдың 24 қазан күні ұсталған еді. 

Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары 12 жылға сотталды

Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Әсет Шаяхметов 12 жылға сотталды. Бұрынғы шенеунік жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болды. Сондай-ақ сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметтер мен органдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды және қылмыстық жолмен келген дүние-мүліктерінің тәркіленуі жөнінде судья үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

32 томнан тұратын соттағы іс материалына сәйкес, Ә. Шаяхметов 2014 жылдың желтоқсаны мен 2017 жылдың қазан айы аралығында лауазымды қызметте бола тұра ірі көлемде пара алған. Сондай-ақ 2017 жылдың маусым және шілде айларында қызметін пайдалана отырып ҚР ҚК 218-бабының 3-бөлігі 1-тармағындағы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру) қылмыстық әрекетке барған. 

Сот үкіміне сәйкес Ә.Шаяхметов ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігі және ҚР ҚК 218-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Әсет Шаяхметов осыдан бір жыл бұрын, яғни 2017 жылдың 24 қазан күні ұсталған еді. Шенеунік сол уақытта енді ғана жаңа лауазымға яғни, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ал бұл қызметке дейін 1985 жылғы Ә.Шаяхметов 3 жыл қалалық құрылыс бөлімін басқарған.

Айта кетейік, Әсет Шаяхметовтың ісі 2018 жылдың тамыз айында сотқа жеткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу