Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Бейбіт Исабаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жаз айынан бастап Алакөл көлінің жағасында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған 35 орындық сауықтыру жазғы лагері пайдалануға берілді. Ал Талдықорған қаласында "Қамқорлық" қорымен бірлесіп аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған "Асар" спорттық-оңалту кешені ашылды. Бүгінде кешен 175 адамға қызмет көрсетіп отыр", – деді өңір әкімі.
Сондай-ақ, әкім Талдықорғанда 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілетінін хабарлады. Ал келесі жылы Талдықорғанда 150 орындық Оңалту орталығының құрылысы жоспарланған.
Ол мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұру мәселесі ерекше назарда екенін атап көрсетті.
"Мүгедектігі бар азаматтарға инватакси ауадай қажет. Бюджет пен демеушілік қаржы есебінен 14 инватакси сатып алынды. Қазір облыстағы инватакси саны 36-ға жетті", – деді Бейбіт Исабаев.