Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымын тоқтатуға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Операция барысында Еркін ауылында есірткіні заңсыз сақтау және сату күдігімен 62 жастағы тұрғын ұсталды.
Тергеу әрекеттері шеңберінде полицейлер бақылау сатып алу жүргізіп, күдіктіден жалпы салмағы 5 грамнан асатын гашиш есірткі заты сатып алынды. Тінту кезінде оның тұрғылықты мекенжайынан жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған алты полиэтилен пакет тәркіленді.
Сонымен қатар үй ауласындағы сарайдан скотчпен оралған үлкен қара пакет табылды. Оның ішінде жалпы салмағы 5 келіден асатын, өзіне тән иісі бар, алдын ала болжам бойынша гашиш есірткі заты анықталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, барлық мән-жайлар анықталуда.
– Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Есірткі сақтау мен таратудың кез келген дерегі қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті Жетісу облысы полиция департаментінде.