Оның қыздың ізін аңдып жүрген сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Бір күн бұрын әлеуметтік желіде Талдықорған көшелерінің бірінде белгісіз ер адамның 12 жастағы оқушы қызды аңдып келе жатқан бейнежазбасы тараған болатын.
Аталған бейнежазба журналист Сандуғаш Дүйсенованың инстаграм желісіндегі парақшасында жарияланды.
Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы бейнежазба бойынша Жетісу облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасы тергеу амалдарын жүргізіп, қылмыскерді іздеуге кіріскенін хабарлады.
18 қарашада күдікті қамауға алынды. Қолға түсірудегі оның ерекше белгілерінің бірі оның қызыл күртешесі болған.
– Жедел іздестіру шаралары барысында біздің қызметкерлер күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған 38 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам Талдықорған полициясына жеткізілді, – деді Жетісу облыстық ІІД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің "Кәмелетке толмағандарды азғыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғанның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілмек.