Талдықорғанда өңірлік кардиохирургия орталығы ашылады

451

Орталықта ересектермен қатар балалар да ем ала алады.  

Талдықорғанда өңірлік кардиохирургия орталығы ашылады Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Бұл туралы аймақтың мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz  Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Облыс әкімінің айтуынша, бұл ғимарат басында облыстық сотқа арнап салына бастаған. Алайда,  Облыстың екіге бөлінуіне орай сотқа үлкен ғимарат салу тиімсіз деп танылған. Сондықтан оның құрылысы уақытша тоқтатылып, енді бұл құрылыс өңірлік кардиохирургия орталығына бейімделіп, қайта жандандырылмақ. 

"Сырқатты ерте кезден анықтап, жүрекке күрделі операцияларды дер кезінде жасауға мүмкіндік жасалатындықтан, Орталықтың жұмысы ана мен бала өлімін азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Орталық жоғары технологияны қолдана отырып, осы аймақтағы ғана емес, көрші өңірлерде тұратын балалар мен ересектерге де сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Жалпы Жетісу жұртшылығына пайдалы нысан болады", - деді Б.Исабаев.

Сондай-ақ, облыстағы Панфилов ауданы Жаркент қаласында бұрынғы облыс әкімінің резиденциясы болған ғимарат "Мерей" балаларды оңалту орталығы болып қайта ашылды. Ғимаратты жаңғырту мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 80 млн. теңге жұмсалды. Аумағы 910,4 шаршы метр болатын орталықта Монтессори кабинеті, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, сол сияқты сенсор, массаж, процедуралық кабинеттер, логопед, дефектолог бөлмелері, тұз шахтасы, бассейн т.б сауықтыруға қажетті бөлмелер жабдықталған. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу