Талдықорғанда студенттердің атынан несие рәсімдеген коммендант сотталды

516

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Талдықорғанда студенттердің атынан несие рәсімдеген коммендант сотталды

Жетісу облысы Талдықорған қалалық соты бірнеше рет жасалған алаяқтық жасап, студенттердің атынан несие рәсімдеген комендант С-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Процесс ҚК 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағында көзделген іс аясында өтті.

Сотталушы С. жоғарғы оқу орнына қарасты жатақхананың коменданты қызметін атқара жүріп, 2021-2022 жылдар аралығында студенттер мен жатақхана қызметкерлерінің сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен интернет-банкинг қызметі арқылы тауарлы және ақшалай несие ресімдеген.

Бас-аяғы 16 жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллионнан астам сомада материалдық шығын келген.

Сотталушы С. 2021 жылдың қазан айында жәбірленуші Д. өзіне сенім артатынын біле отырып, құжаттарын жұмыс бабымен деген желеумен сұратқан.

Жәбірленушінің жеке басын куәләндыратын құжаттарды алған соң, С. микроқаржылық ұйымнан 600 мың теңгеге жуық тауарлы кредитті жасырын ресімдеп, тауарды сатып, өз пайдасына жаратқан.

Бұдан соң С. жәбірленушіні Д-ны толық жауып тастаймын деп алдап, микроқаржылық ұйымнан 560 мың теңге несие алдыртқан.

Қолында Д-ның жеке бас мәліметтерінің пайдаланған сотталушы, әртүрлі микроқаржылық ұйымдардан жасырын түрде қосымша байланыс ретінде өзінің ұялы нөмірін көрсете отырып, Д-ның атынан микронесиелер алып, жалпы 2 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Бұдан бөлек, сотталушы С. осыған ұқсас жағдайларда және әртүрлі желеумен 15 студент пен жатақхана қызметкерлеріне алаяқтық жасап, 22 млн теңгеден астам шығынға ұшыратқан.

Сот жарыссөзінде прокурор сотталушы С-ны кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, бүкіл мерзімге пробациялық бақылау орнатуды сұрады.

Сотталушы С. тағылған айыпты мойындап, шын ниетпен өкініп, өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер сотталушыны кешірді.

ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағының санкциясында – мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Сот үкімімен С. кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, сол аралықта ол пробациялық бақылауда болады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу