Талдықорғанда жоғалып кеткен ерекше күтімді қажет ететін баланың денесі табылды. Бұл туралы Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"26 мамыр күні таңғы сағат 05:00 шамасында Қаратал өзенінде жүргізілген ауқымды іздестіру жұмыстары барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, кинологиялық қызмет пен еріктілер жұмылдырылған болатын.
Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмау және олардың жүрген жерін бақылауда ұстау осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.