Талдықорғанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілді

739

2014 жылы пайдалануға берілген ғимараттың маңдайшасына "Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйі" деп жазылды.  

Талдықорғанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілді Фото: inform.kz

Бүгін Талдықорғанда белгілі журналист Бейсен Құранбектің есімі журналистер үйіне берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, телевизия ардагері Қайнар Олжай арнайы келіп қатысты. Олар тарихи күнде Бейсен Құранбектің қазақ телевизиясына қосқан үлкен үлесін тілге тиек етіп, жылы естеліктерімен бөлісті. 

"Айтуға оңай" бағдарламасымен халқының жүрегінен орын алып, сүйікті тележүргізушісі, халқының жанашыры болған Бейсен Құранбек осы есімі берілген журналистер үйінің салынуына тікелей атсалысқан. Қазір бұл ғимаратта "Жетісу телеарнасының", облыстық "Жетісу" және "Огни Алатау" газеттерінің ұжымдары, сондай-ақ республикалық телеарналардың өңірдегі тілшілері отырады.

Қазақ телевизиясының дамуына үлкен үлес қосқан Бейсен Құранбек өзі жүргізген "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларында халықтың әлеуметтік мәселелерін талқылады. Журналист жүргізген бағдарламалары арқылы қиындыққа тап болған қанша адамға демеу бола білді. Қаншама адамның түйткілін шешуге жәрдемдесті.

Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Ал қалған ғұмырын қазақ телевидениесімен байланыстырып, "Рахат", "31 арна", "Хабар" арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған.

2007-2012 жылдары Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болды.

2013-17 жылдары "Қазақстан" телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды.2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасын жүргізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу