Полиция Талдықорғандағы металл қабылдау пунктін қоршауға алды. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, пункттен ондаған авиациялық бомба табылған, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
Облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлеріне келіп түскен ақапаратқа сәйкес, Талдықорғандағы түсті металл қабылдайтын пункттердің біріне тексеру жүргізу барысында, полиция өкілдері жиналған темірлер арасынан 46 авиациялық бомба тапқан.
Оқиға орнына шақыртылған саперлер табылған жарылғыш заттың оқу-жаттығу мақсатында пайдалануға арналғанын анықтады.
Жақын арада табылған бомбалар жойылу үшін полигонға шығарылады.
ҚР ҚК 287 бабы бойынша (Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын ұрлау не қорқытып алу) бойынша тергеу жұмыстары басталды.