Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты – Асхат Аймағамбетов

1507

Барлығы заң аясында болуы керек!

Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты – Асхат Аймағамбетов Фото: ЗТБ

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Талғардағы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Ол алдымен марқұмның отбасына көңіл айтып, кінәлілердің жазасыз қалмауы керектігін айтты.

"Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс. Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет. Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз", – дейді депутат.

Сонымен қатар, депутат мәселені ушықтырмай, заң аясында шешуге щақырды.

"Кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейді. Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. Тексерілмеген ақпараттарды таратып, елді дүрліктірмейік. Барлық шешімдер тек заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Құқық қорғау органдарының қажетті күштері толық жұмылдырылды. Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған. Ал, отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қахарлы күшін көрсету маңызды", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу