Алматы облысында белгісіз біреулер мемлекеттік рәміздерді далаға тастаған. Полиция ұлттық құндылықтарды қорлағандарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Талғар ауданының әкімдігінің мәліметі бойынша, қоқыс полигонының Қайнар ауылдық округіндегі жекеменшік аумақта орналасқан.
"Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қоқыста тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында мемлекеттік рәміздермен бірге колледж құжаттары табылды. Рәміздер қоқыстан шығарылды. Жою жұмыстары мемлекеттік ту мен рәмізді ауыстыру және жою ережесіне сәйкес жүргізіледі", – деді Талғар ауданының әкімдігі.
Ведомство өкілдері мемлекеттік рәміздердің Талғар ауданындағы мекемелерге тиісті емес екенін жеткізді.
"Мемлекеттік рәміздерді қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір Талғар аудандық полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау үшін тиісті шаралар қабылдауда. Кінәлілерге қатысты тиісті шара қолданылады", – делінген полиция хабарламасында.