Талғар полициясы кісі өліміне күдіктілерді ұстау үшін ауыл маңына блокбекет қоюға мәжбүр болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаралы оқиға Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында 11 мамырда тіркелген.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм інісімен бірге түнгі уақытта әкесі жерленген қорымға барған. Қайтар жолда есіктері ашық автокөлік олардың жолын бөгеген. Онда 3 ер адамның болғаны айтылады. Ағалы-інілілер көліктің есігін жауып, жол сұраған. Десе де, қарсы тарап бұларды елемей, дөрекілік танытқан. Сол арада ағайындылар дау қумай, үйіне бет алады.
Марқұмның жақындары әлгі 3 ер адамның артынан келіп, жанжал шығарғанын жеткізіп отыр.
24 жастағы жігіт көліктен түскен сәтінде қаскөйлердің бірі пышақты кеуде тұсына екі рет сұғып алған. Ауыр жарақаттан ол ауруханада көз жұмған.
Алдын ала ақпарат бойынша, күдіктілердің бірі – 20 жаста.
– 11 мамыр күні Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны ауруханада пышақ жарақатынан қаза тапты, осы өлімге қатысы бар деген күдікпен 3 жігіт ұсталды. Адам өліміне қатысты хабар түсе сала полицияның бүкіл құрамы аяғынан тік тұрып, блокбекеттер қойылды.
Жедел-іздеу кезінде қаза тапқан жігіттің үш ауылдасы ұсталды. Осы іске қатысты "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.