Алматы облысында 28 жастағы азамат суға батып бара жатқан баланы аман алып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бейнежазбадан ер адамның ағысқа қарсы жүзіп, кішкентай баланы құтқаруға тырысып жатқанын көруге болады.
Оқыс жағдай Талғар ауданының аумағында болған.
Куәгерлердің сөзінше, бүлдіршін Үлкен Алматы каналының бойында аяғы тайып, суға құлаған.
"Мен көпір бойымен келе жатып кішкентай балалардың суға батып бара жатқан баланы құтқара алмай жүгіріп жүргендерін байқадым. Мен тез жүгіріп барып, оны судан алып шықтым. Бала кішкене су жұтып қойған екен және қорқып қалған. Бүлдіршін есін жиып, өзіне келген соң достарыммен бірге кетіп қалды. Өзімді батыр деп санамаймын, менің орнымда кім болса да көмектесер еді", — дейді ол.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, ерлік жасаған азамат — Райымбек ауданының тумасы.