Алматы облысының Талғар қаласында 18 жастағы жігітті белгісіз адам көлігімен қағып, қансыраған жаяу жүргіншіге көмектеспей, оқиға орынан қашып кеткен. Зардап шеккен адам сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Әлеуметтік желіде Талғар қаласындағы Менделеев көшесінің бойында адам өліміне алып келген жол көлік оқиғасының бейнежазбасы тарауда.
Көлік қаққан сәтте марқұм қараңғы көшенің жиегімен келе жатқан. Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Оның қасында тағы екі жолаушы болған.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апаты 25 қазан күні сағат 20:30 шамасында Талғар қаласында болғанын хабарлады. Жүргізуші Менделеев көшесінің бойымен батыс бағытта келе жатып, жол шетіндегі 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
“Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты. Аталған факті Талғар ауданының ІІБ-не ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі мен 347-бабының "Жол қозғалысы ережелерін бұзу", “Оқиға болған жерді тастап кету” бойынша тіркелді”, – деп қосты ДП баспасөз қызметі.
Айта кететіні, “Жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап кету” бойынша кінәлі адамға 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, кейде алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазалануы мүмкін.