Алматы облысының прокуроры Берік Адамов бейнежазбаға қатысты түсініктеме беріп, төбелеске түрткі болған жағдайдың мән-жайын айтып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бейнежазбада күдікті дүкенге екі рет кіріп, сыра сатып алғаны жазылып қалған. Байқасаңыздар, бірінші рет каспи арқылы төлем жасаған болса, екінші рет қолма-қол ақшамен төлеген. Кейін Шерзаттың әкесінен телефонын қуаттап алуды сұрайды. Ұялы телефонын алуға қайта кіргенде күдікті мен Шерзат сөзге келіп қалады", – деді Берік Адамов.
Осы кезде прокурор Шерзат пен күдікті арасындағы келіспеушілікке не түрткі болғанын айтпады.
"Шерзат дүкеннен бірінші шығып, даладағы камерадан күдікті соққы алғаны көрінеді (екеуінің арасындағы төбелес камераға түспеген – ред.). Біраз уақыт өтпей, күдіктінің досы Шерзаттың әкесімен сөйлесуге келеді. Екеуі сыртқа шыққанда жанжал басталады. Қаржаубай Нұрымов осы жерде қолына пышаққа ұқсас зат алып шыққаны көрінеді. Ұқсас деп айтып отырғанымыз, қолында нақты пышақ екені әлі дәлелденбеді, сараптама қорытындысын күтіп отырмыз", – деді прокурор.
Оқиға орнында болған қыздардың да іске қатысы барын Берік Адамов жоққа шығарды. Олар төбелеске қатысқандарды ажыратпақ болғанын айтады.
"Әлеуметтік желіде сөз болған қыздарға келер болсақ, олармен де тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыздардың іс-әрекеттеріне назар аударсақ, екеуі де төбелесіп жатқандарды ажыратуға тырысқан. Сол сәтте басқа бір күдікті есік жақтағы адамды теуіп, әрі қарай төбелес басталып кетеді. Төбелес барысы, Шерзаттың өлімі камерадан тыс жерде болады. Біз күдіктілерді ақтауды мақсат тұтпаймыз, барлығы ұсталды, қамауға алынды", – деді Адамов.
Алматы облысының прокурорының айтуынша, видео тергеу барысында бірден тәркіленді, ешқандай монтаж жасалған жоқ. Кейін дәйек арнайы экспертизаға жіберіліп, жауабы күтілуде.