Талғардағы полигон өрті: облыс әкімі кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды

426

Талғардағы қоқыс полигонындағы өрттен кейін әкім меншік иесін жауапқа тартуды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Талғардағы полигон өрті: облыс әкімі кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды Фото: gov.kz

Алматы облысының Талғар ауданындағы Ақтас ауылы маңында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 18 шілде күні өрт шығып, шамамен 500 шаршы метр аумақты жалын шарпыды.

Өртті сөндіруге 45 маман мен 30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Жедел әрекеттің нәтижесінде тілсіз жау толық ауыздықталды.

Оқиға орнында болған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметіне нақты тапсырмалар берді. Мамандардың мәліметінше, өрттің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін жалын шыққан аумаққа инертті материалдар төгіліп, Үлкен Алматы каналынан үздіксіз су жеткізілген.

Белгілі болғандай, полигонның жартысы жекеменшік иесінің қарамағында. Өрт дәл осы аумақта шыққанымен, оның иесі әлі анықталмаған. Ал қалған бөлігін соңғы он жылдан бері "ECO SERVICE GROUP" ЖШС басқарады. Компания қоқысты қабылдау және сұрыптау жұмыстарын жүргізгенімен, бұл міндеттерді талапқа сай орындамағаны айтылды. Облыс әкімі мұндай салғырттық экологияға ғана емес, тұрғындардың денсаулығына да қауіп төндіретінін атап өтті.

"Мұндай жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды. Бұл – халықтың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның жай-күйіне тікелей әсер ететін мәселе. Полигондағы барлық талаптың орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Меншік иесін жедел анықтап, заң аясында жауапкершілікке тарту қажет. Экологиялық қауіпсіздікке немқұрайлы қарауға болмайды", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынған. Өрттің қайта таралу қаупі жоқ, ал полигон штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу