Бұған дейін БАҚ-да Т. Ардан мен Қ. Сұлтанбековтің интерпол сайтында іздеуде жоқ екендігі туралы ақпарат тараған еді. Алайда мұны Антикор жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Астана қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыруға бөлінген қаражатты жымқыру фактілері бойынша өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс аясында Т. Арданға және Қ. Сұлтанбековке "қызыл бюллетень" бойынша (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында) халықаралық іздеу жарияланды", – делінген хабарламада.
Жүргізілген іс-шаралар Т. Арданның Түркияда орналасқандығын анықтаған. Сот оны қамауға алу үшін сырттай санкция берді. Осы мемлекеттің құқық қорғау органдары оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізуде.
Сонымен қатар Қ. Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екендігі анықталды. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер бірнеше рет жолданды. Алайда АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, қызыл бюллетеннің болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Сонымен қатар біздің азаматты экстрадициялау қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауымен қиындап отыр. Бұл мәселені уәкілетті орган пысықтайды.
"Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерполдың талаптары мен ережелеріне сәйкес Интерполдың жария веб-сайтында қылмыскерді іздестіру және оларды жариялау туралы мәліметтер зор қоғамдық резонанс тудырған, сондай-ақ қоғамға жоғары қауіп төндіретін қылмыстар жасаған адамдарға қатысты жарияланатынын атап өткен жөн. Дәл осы талаптар іздестірілетін адамдарды бәріне қолжетімді тізімге қосуға негіз болады. Жария веб-сайтта мәліметтерді жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерполдың Бас хатшылығы (Лион, Франция) қабылдайды", – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Бұл іздестіріліп жатқан адамдардың яғни Қ. Сұлтанбеков пен Т. Арданның жария сайтта болмауы – олардың Интерпол дерекқорында жоқтығын білдірмейді.