ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында "Жас Сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ ұйытқы болуымен тұңғыш қазақстандық ғарышкердің аспан әлемін бағындырғанына 30 жыл толуына байланысты "Ғарышқа жол" атты іс-шара өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиынға тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, ҚР авиациясының генерал-лейтенанты, "Халық қаһарманы" Талғат Мұсабаев, қазақ ғарышкері, ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетов қатысты.
"Жас Сарбаз" тәрбиеленушілері олардың мағыналы әңгімелерін ерекше ықыласпен тыңдап, ғарыш тарихымен, қызықты оқиғаларымен терең танысты. Кездесу барысында өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, емен-жарқын сұхбат құруына мүмкіндік алды.
Іс-шарада сондай-ақ "Жас сарбаз" елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек ұжым атынан ғарышкерлерге алғыс білдіріп, оларға мықты денсаулық тіледі. Осыдан кейін салтанатты меймандарға естелік сыйлықтар табыс етілді. Өз кезегінде "Жас Сарбаз" балалар студиясы "Бәрі өз қолыңда" әнін шырқап, өз өнерлерін ортаға салды.