Талғат Мұсабаевқа марапат қаруы табыс етілді

1027

Талғат Мұсабаев осыдан 19 жыл бұрын "Союз ТМ-32" ғарыш кемесінің командирі ретінде үшінші мәрте ғарышқа ұшып, алғашқы ғарыш турисін орбитаға алып шыққан болатын. 

Талғат Мұсабаевқа марапат қаруы табыс етілді Фото: parlam.kz

Үкіметтің қаулысы бойынша Талғат Мұсабаевқа мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін иір ойықты атыс қаруы табыс етілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сенатор Талғат Мұсабаевқа марапат қаруын табыс етті.

"Сізді елімізге сіңірген еңбегіңізбен құттықтаймыз және Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша тапанша табыс етеміз. Сіздің атыңыз республикамыздың тарихына лайықты жазылды", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Дәл бүгін, 28 сәуірде Талғат Мұсабаев осыдан 19 жыл бұрын "Союз ТМ-32" ғарыш кемесінің командирі ретінде үшінші мәрте ғарышқа ұшып, алғашқы ғарыш турисін орбитаға алып шыққан болатын. Ғарышқа ұшқан осы сапар ғарыш туризмінің дәуірін ашты. Талғат Мұсабаевтың экипажы "Союз ТМ-31"кемесімен жерге оралды. Бұл 21 ғасырдағы және үшінші мыңжылдықтағы Жер ғаламшарынан ғарышқа алғашқы ұшу болатын. Сондай-ақ өткен жылы Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алғаш ұшқанына 25 жыл толды.

Талғат Мұсабаев – егемен Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері, ашық ғарышқа шыққан алғашқы қазақ. Қазақстан Республикасының туы мен елтаңбасы 1994 жылы тарихта алғаш рет ғарышқа көтерілді. 2017 жылғы 13 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу