Ресейдің Сыртқы істер министрлігі "Талибан" қозғалысы Орталық Азия мемлекеттеріне қауіп төндірмейді деген пікірде. РФ президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Замир Кабулов осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
"Біздің Орталық Азиядағы одақтастарымызға тікелей қауіп төніп отырған жоқ. Бұған байланысты бірде-бір факті жоқ", – деді Кабулов.
Оның айтуынша, Ресей тәліптермен алдын ала байланыс орнатып қойған, сондықтан бұл фактор сыртқы саясаттың активі саналады. 50-ге жуық ел мен Еуропалық Одақ бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Тараптар "Талибан" қозғалысынан елден кеткісі келетін барлық шетелдіктер мен жергілікті тұрғындардың басқа елге көшуін қамтамасыз етуге үндеді.
15 тамызда "Талибан" Ауғанстанның бүкіл аумағына бақылау орнатқанын жариялаған еді. Қазір мемлекетті басқару міндеті уақытша кеңеске жүктелді, ол артынан бұл өкілеттікті тәліптерге тапсырады. Жаңа кеңестің құрамына ұлттық бітімгерлік жөніндегі жоғарғы кеңестің басшысы Абдулла Абдулла және бұрынғы президент Хамид Карзай енгізілді. Елдің қазіргі президенті Ашраф Ғани елден қашып кетті.
Табиғат Нұрболат