Кәсіпорындарда студенттерге қосымша уақыт бөлген тәлімгерлердің жалақыларына үстемеақы беріледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанда дуальды білім беру бағытында барлық қажетті жағдайлар жасалғанына тоқталған вице-министр, бүгінде 2-3 курстарда оқыту бағдарламасының өндірісте 60 пайызға жуығын құрап отырғандығын атап өтті.
"Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарында тәлімгер ұстаздардың еңбекақысын төлеуге шығыстарды ескердік. Осы орайда қайта даярлау курстарында даярлықтан өткізуге 44 мың теңге қарастырылды. Өйткені кәсіпорында жұмыс істейтін адамға қосымша жүктеме түсетіні белгілі. Бұл бағытта тәлімгер ұстаз студентті оқытуға өзінің уақытын бөлуі тиіс болады. Сондықтан біз жұмыс берушілер мен тәлімгерді ынталандыруға ниеттіміз",-деді вице-министр.
Осы ретте тәлімгер ұстаздың еңбекақысына қосымша 44 мың теңге қосылады. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында бұл мақсатта мемлекет есебінен 70 млн. теңгеге тарта қаржы қарастырылған.