Тәліптер Ауғанстандағы жалғыз киностудияны жапты

296

Ауғанстанды билеуші "Талибан" қозғалысы елдегі жалғыз киноөндіріс ұйымы – мемлекеттік Afghan Film киностудиясын таратып жіберді. 

Тәліптер Ауғанстандағы жалғыз киностудияны жапты Фото: газета.ру

Киностудия кеңсесі жабылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ауғанстанда көркемөнер құлдырады. Afghan Film жәй ғана ғимарат емес, ол біздің кинематографиялық жадымыздың сақтаушысы болды", - деді қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды өтінген ауғандық режиссер.

Мекеменің жабылуы Талибанның Ауғанстандағы мәдени және ойын-сауық өмірін ауқымды түрде басып-жаншуы, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын шектеуі аясында орын алды.

2021 жылдың тамыз айында топ билікке оралғаннан бері көпшілік алдында ән айтуға, музыкалық аспаптарда ойнауға және тірі жанды бейнелеуге тыйым салынды, ал өнер адамдары қуғын мен қорқытуларға тап болды.

Afghan Film-нің негізі 1968 жылы билеуші Мұхаммед Захир шах кезінде қаланған. Ол 1970 жылдардағы кинохроникадан бастап республика дәуіріндегі толық метражды көркем фильмдерге дейін елдің көрнекі тарихын сақтауда маңызды рөл атқарды.

2021 жылы республика құлағанға дейін Afghan Film Ақпарат және мәдениет министрлігінің қарамағында болды. Киностудия жұмыс істеген соңғы жылдары жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, коллекциясын цифрландыру бойынша жобаларды жүзеге асырды. 

Afghan Film мұрағатының тағдыры қалай болатыны әлі белгісіз. Мәдени мұраны қорғаушылар оның ұмытылу немесе жойылу қаупі бар деп қорқады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу