Тамызда бітуге тиіс жетпіс жобаның жыры күзге дейін жалғасуы мүмкін

839

Жамбыл облысына қарасты Шу ауданында жол жөндеуге қатысты мемлекеттік сатып алу кезінде жетпістен аса көшенің құрылысын мойнына алған "Арқат Өркендеу" ЖШС асфальт жабындысын төсеп үлгермей жатыр. 

Тамызда бітуге тиіс жетпіс жобаның жыры күзге дейін жалғасуы мүмкін

Ал аудан әкімі Нұржан Календеровтің айтуынша, аймақтағы жол жөндеу жұмыстары тамыз айының аяғына дейін толық аяқталуы керек. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында 128 көшені жөндеуден өткізу үшін 2,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. 

"Әбден тозығы жеткен көшелерге жөндеу жұмыстарына үш мердігер жауапты. Қазіргі кезде барлық көшелерге құм мен қиыршық тас төселіп бітті. Өткен аптадан бастап асфальт жабындысын салу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, әуелгіде жол бақылау лабораториясымен арнайы келісімшартқа отырып, жұмыс барысын әбден пысықтап алдық. Келісімшартқа сәйкес, аталмыш мекеме асфальттың сапасын тыңғылықты тексерістен өткізгеннен кейін ғана асфальт төсеуге рұқсат береді. Бұдан бөлек, жолдың сапасын бақылау мақсатында қоғамдық комиссия құрып, бұл жұмыстарға ауданның белсенді азаматтарын да жұмылдырып отырмыз. Сәтін салса, жөндеу жұмыстары тамыз айында толық аяқталады", – деді ол. 

Сол мердігер компаниялардың бірі – "Арқат Өркендеу" ЖШС Шудағы жол жөндеу жұмыстарын ерте көктемде бастаған. Одан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де, серіктестіктің алдағы екі жұмада жетпіс көшені тастай етіп аяқтай алатынына сену қиын. ЖШС өкілі Ерген Қондыбаевтың өзі де мұндағы жөндеу жұмыстарының әлі бір жарым айға созылатынын жасырмады. 

"Бүгінгі таңда Шу қаласындағы М.Жұмабаев көшесіне асфальт төсеп жатырмыз. Біздің серіктестікте екі асфальт тығыздайтын техника, екі грейдер, гудранатор және асфальт төсеуге арналған германиялық "VOGELE" техникасы бар. Сондай-ақ, аудан бойынша үш бригада жұмыс істеуде. Оның алғашқысы жолдың астында қалатын құбырларды орнатса, екіншісі құм мен қиыршық тас төсейді, ал үшінші бригада асфальт жабындысын салады. Біз ұтқан жобалардың ішінде көше жолдарымен бірге жаяу жүргінші жолдары да бар. Жөндеу жұмыстарын 1,5 айдың ішінде аяқтаймыз", – дейді ол. 

Демек, аудандағы жол жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына таяу аяқталады. Оған қоса, қазірдің өзінде мерзімінен кешігіп келе жатқан мердігердің баяу жұмысы алдағы екі аптада ширай түсуі екіталай. Атқарылған жұмыстардың техникалық қадағалаушылар мен арнайы комиссияның тексерісінен өтетіні анық. Десе де, тақтайдай тегіс жолдардың араға жыл салмай жатып сапасының сын көтермейтін дәрежеге жетуі неліктен деген сауалға мардымды жауап беретін маман жоқ. 

Айта кету керек, жоғарыда аталған "Арқат Өркендеу" ЖШС Шудан бөлек, Меркі ауданынан да 15 көшенің тендеріп ұтып алыпты. 

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу