Таңбалау бизнеске қалай әсер етеді

961

Кәсіпкерлер акциздеуге жататын тауарларды таңбалауға және пилоттық жобаларға оралуды ұсынды.   

Таңбалау бизнеске қалай әсер етеді

Бүгінде бірқатар салалық қауымдастық күнделікті сұраныстағы азық-түлік өнімдеріне қатысты Қазақстанда міндетті таңбалаудың салдары мен тәуекелдерге алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚР "Атамекен"  ҰКП сайтында.  Алкогольсіз сусындар мен шырындар қауымдастығы және Қазақстан сүт одағы өкілдерінің айтуынша, міндетті таңбалау өнімнің қымбаттауына, шағын және орта компаниялардың банкрот болуына әкеп соғады.

Алдын ала деректер бойынша, алкогольсіз сусындарды таңбалаудан келетін шығын жылына 28,9 млрд теңге, сүт өнімдерін таңбалау – 4,5 млрд теңге  болады.

"Бизнес жаппай таңбалауға дайын емес. Таңбалау ойластырылған әрі экономикалық тұрғыда мақсатты болуы керек", – деді Қазақстан тікелей сауда-саттық қауымдастығының өкілі.

Ресейде ҚҚС-сіз бір код құны 50 тиын тұрады. Қазақстанда кодтар қанша тұратыны белгісіз. Алайда жаңашылдықтар тұтынушылардың да қалтасын ұрады. Чиптеуге арналған жабдықты орнату кәсіпорындарға оң мыңдаған еуро шығын әкелуі мүмкін, мұның бәрі түптеп келгенде тұтынушыға әсер етеді. Кәсіпкерлер акциздеуге жататын тауарларды таңбалауға және пилоттық жобаларға оралуды ұсынды. Осы ретте әлеуметтік маңызы бар тауарларды таңбаламау айтылды.

Бизнестің айтуынша, Қазақстанда таңбаланатын тауарлар тізбесін құрағанда әр тауар тобын таңбалаудан болатын оң және теріс салдарын есепке алу қажет. Осыған байланысты Ұлттық палата аталған факторлардың барлығына кешенді салыстырмалы бағалау жүргізіп, содан кейін шешім қабылдау қажеттілігін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу