Астанада танымал кондитерлік дүкендер желісінің басшысы Дана Қанапина өмірден өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол кондитерлік өнердің шебері ретінде ғана емес, жергілікті аспаздық мәдениетін дамытуға тырысып жүретін талпынысымен де көзге түсетін.
Қаралы хабарды журналист Динара Сәтжан жеткізді.
"Қара суық хабар келді. Белгілі кәсіпкер @danakanapina өмірден өтті… Қазанның басында әңгімелескенбіз. Жаман аурумен ауырса да, бизнесті тоқтатпай жүргізді. @la_creme_astana @delish.astana @pate.pirogi бұның бәрі Дананың туындысы. Оның іскерлік тарихы мені әрқашан таң қалдырды. Бірнеше жыл бұрын Хайвиллде шағын кондитерлік цех ашқан. Қысқа мерзімде үлкен желіні жасай алды. Дана еңбекқор еді! Сонымен қатар өте қарапайым адам. Отбасына шын жүректен көңіл айтамын. Иманы серік болсын!" – деп жазды Динара Сәтжан.
Кейін марқұмның желідегі парақшасында өлімі туралы ақпарат пайда болды.
Онда Дана Қанапинаның жерлеу рәсімі 3 қарашада Астанада өтетіні жазылған.