Блогер демалыс орындарының бірінде болған келеңсіз оқиғадан қатты күйзеліске түскенін айтып шағымданған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол көлге шомылуға сіңілдерімен бірге барыпты.
– Өте қиын жағдай бастан өтті. Сәл болмағанда, сіңілім суға батып кете жаздады. Біз қайыққа жақындағанда олар (су аттракционын жалға беертіндер) бізге "танысуға бола ма?" деді. Бірден бас тарттық. "Диванға" отырғанда да арамызда жүзе алмайтындар барын ескерттік. Олар күліп, ақырын ғана трюктар жасайтынына бізді сендірді. Бірақ бәрі керісінше өрбіді. Құтқару жилетінен дым пайда болмады. Сіңлім суға батып кете жаздады. Есінен танып, тынысы да тарылды. Сол кезде ғана катер жүргізушісі көмекке келді. Жағаға жеткен соң біз шок алып қалдық. Қатты күйзеліске түстік. Сіңілім есін жия алмай, тілін жұтып қоя жаздады. Жедел жәрдем бригадасы келіп, үшеуін ауруханаға жеткізді. Алғашында көлдегі қайық қызметкерлері бізбен танысқысы келген. Біз одан бас тарттық. Кейін осындай әрекеттерін әдейі істеп отыр. Олар жазасын алуы керек, – дейді Аружан Мағзұм.
Блогер оқиға орнына полиция шақырғанымен, ешкім келмепті. Олар тіпті екі сағат бойы күтуге мәжбүр болған. Бірнеше рет қоңырау шалған соң ғана тәртіп сақшылары ауруханаға бағыт алғанын хабарлаған.
Аружан Мағзұм парақшасында катер жүргізушілерінің бет-жүзін жариялап, оқырмандарын сақ болуға шақырды. Ол "мұндай оқиға тағы қайталанбаса екен" деп тілейді.
Ал Қарағанды облысы полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеген.
– Оқиғаға қатысы бар тұлғалар анықталып, жауап алынды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, құқықбұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға, сондай-ақ кінәлілерді заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел-іздестіру шараларының толық кешені жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.