Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды

92

Жоғары мемлекеттік награданы оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды Фото: gov.kz

Миллиондаған оқырманы бар қытайлық блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды. 

Марапат Тао Минсюдің Қытай медиакеңістігінде Қазақстанды танытуға, оның мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.

Марапаттау рәсімі барысында Аида Балаева Тао Минсюдің екі ел халқы арасындағы достықты нығайтудағы еңбегінің маңызын атап өтті.

"ІІ дәрежелі "Достық" ордені – бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіңіздің жоғары мемлекеттік бағасы. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды", – деп атап өтті Аида Балаева.

Тао Минсю, сондай-ақ Тао Тао есімімен де танымал, Қазақстанға алғаш рет 2024 жылғы қыркүйекте арнайы шақырылған медиа-инфлюенсер ретінде келген болатын. Содан бері ол Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болып, жиынтық қамтылымы 1 миллиардтан асатын 100-ден астам материал жариялады. 2025 жылғы мамырда оған "Қазақстан туризмінің елшісі" құрметті мәртебесі берілді. Қазақстанға бесінші сапары аясында блогер Алматы – Ақтау – Түркістан бағытымен сапарлап, Амал және Наурыз мерекелеріне арналған іс-шараларға қатысты.

Қытайлық блогерді марапаттау Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды нығаю үдерісінің бір көрінісі. Бүгінде екі елдің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейіне көтерілді. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы достық қатынастар айрықша рөл атқарып, екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдетудің берік бағдарын айқындап отыр.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі мәдени-гуманитарлық сала болып қала береді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы өтіп жатыр. Бұл бастама театр, кино, көрме қызметі, креативті индустриялар және гастрольдік алмасулар салаларындағы өзара ықпалдастықты кеңейтудің маңызды алаңына айналды.

Қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызды нәтижелерінің бірі – Бейжің қаласында Қазақстанның мәдени орталығының ашылуы. Бұл – шетелде ашылған алғашқы әрі әзірге жалғыз қазақстандық осындай мекеме. Орталықта Қытайда қазақ мәдениетін, тілін, өнері мен тарихын ілгерілетудің, сондай-ақ көрмелер, дәрістер, концерттер, шеберлік сабақтары мен білім беру бағдарламалары өткізіледі.

Туристік ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. 2024 жылы Қазақстанға Қытайдың 655 мың азаматы келсе, былтыр бұл көрсеткіш 968 мың адамға жетті. Бұл бағытқа 2026 жылғы 29 наурызда Air Astana әуе компаниясы іске қосқан Алматы – Шанхай тікелей әуе рейсі қосымша серпін берді. Жаңа бағыт туризмді, іскерлік байланыстарды және гуманитарлық алмасуларды дамытуға қосымша мүмкіндік ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу