Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, ел тұрғындары осы уақытқа дейін 2,3 млрд теңге болатын жинақ ақшасын алмаған. Бүгінде бұл қаражатты үйден шықпай-ақ, онлайн түрінде немесе агент банктердің бөлімшелеріне барып алуға болады.
Қор төрағасы Әділ Өтембаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 9 банк таратылып жатқанын, олардың салымшыларына өтем сомасының 98% немесе 113,1 млрд теңге төленгенін жеткізді.
"Биыл 1 мамырға дейін таратылатын 8 банктен төлемдерді алуға болады. Capital Bank Kazakhstan АҚ басқа банктерге қарағанда лицензиясынан кейін айырылғандықтан оның салымшылары үшін соңғы төлем күні – 2022 жылғы 3 шілде", – деді Әділ Өтембаев.
Сондай-ақ кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті төлемдердің электронды порталы (ТЭП) арқылы онлайн түрінде беруге болады. Мұнда өтініштің орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік бар.
Салымшылар таратылатын әрбір банк бойынша өтем төлеуге тағайындалған агент банктердің бөлімшелеріне жазбаша өтінішпен жүгіне алады.
"Төлем мерзімі аяқталған соң, "Қазинвестбанк" АҚ, Delta Bank АҚ, Qazaq Banki, "Эксимбанк Қазақcтан" АҚ, "Астана банкі" АҚ, Tengri Bank АҚ, AsiaCredit Bank АҚ және Capital Bank Kazakhstan АҚ салымшыларының талап етпеген өтем сомалары олардың ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады", – деп жазылған хабарламада.
Қор аударымды "Қазақстанның екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы" заңға сәйкес төлем мерзімі аяқталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күнде жүзеге асырады.
"Таратылатын 8 банктің салымшыларының ақшасы БЖЗҚ-ға 31 мамырға дейін, ал Capital Bank Kazakhstan АҚ бойынша биыл 2 тамызына дейін аударылады", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, толық ақпаратты салымшылар 1460 телефон нөмірі, сондай-ақ қордың info@kdif.kz, kdif@kdif.kz электронды пошталарына сауал жіберу немесе @kdif_ask Телеграм-чатына арқылы ала алады.