Індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерімізде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз", – деді Бас мүфти.
Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы төтенше жағдай кезінде бұл мәжбүрлі әрі уақытша шара екенін атап өтті.
Құралай Құдайберген