Таразда "Қала күні" қарсаңында тыл еңбеккерлеріне, “Чернобыль” атом электр стансасының зардабын жоюға қатысушыларға және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер ашылды, деп жазады zhambylnews.kz.
Тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткішті тыл ардагерлері Жәнібек Майқанов пен Раиса Жандосова ашып, гүл шоқтарын қойды.
“Жеңіс” саябағында ашылған екінші ескерткіш – “Чернобыль” апатын залалсыздандыруға қатысушыларға арналған. Биыл атом электр станциясындағы апаттың орын алғанына 32 жыл толды. Дүние жүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың зардабын жоюға 800 мыңдай адам қатысса, оның 32 мыңы қазақстандық еді. Чернобыльдегі радиактивті түтін 10-нан аса мемлекеттің 200 мың шаршы жерін ластады, 5 миллионға жуық адам оның зардабын шекті. Жарылыс күші бір мезгілде 100 атом бомбасы тасталғандай болды.
Аталған саябақта ашылған үшінші ескерткіш – Ауған соғысы ардагерлеріне арналған. Кеңестік солақай саясаттың салдарынан Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан 2236 жерлесіміз қатысты. Ал, 71 жас жауынгер әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты.
Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының парламенті мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев және Қазақстан Республикасының парламенті мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл ашты.