Тараз тұрғындары қаңғыбас иттердің мәселесін шешуді сұрайды

1320

Қаңтарға дейін қаңғыбас иттер дәл Тараздың орталығында өріп жүретін. Атыс-шабыстан үркіп, қала маңындағы ауылдарға түгел ауған секілді.

Тараз тұрғындары қаңғыбас иттердің мәселесін шешуді сұрайды

Құмшағал ауылының тұрғындары топ иттер қазір мал-жанға маза таптырмай тұр дейді. Күндіздің өзінде жалғыз-жарым жүрген адамға тап беретін бұралқылар аш болған соң енді ұсақ малды тартып кетуді шығарыпты.

"Тиісті мекемелерге барып, талай рет өтініш айттық. Алдыңғы күні көзімізше екі қойды тартып кетті. Қаңғыбас иттерді атып тастауға бізге рұқсат бермейді. Сонда осылай мал-жанды талатып қарап отырамыз ба? Бір амалын табу керек қой", – дейді Құмшағал ауылының тұрғыны Орынбасар Тоқберген.

Бұралқылардың еркінсігені сондай, бала түгілі қолының қайраты бар ер азаматтарға да тап берген жағдайлар да кездескен. Ақсу Жабағылы көшесінде 30 жастағы ауыл тұрғынын қаңғыбас иттер талап тастаған. Апталап үйден шыға алмай қалған тұрғындар жауаптылардан бір шешім күтеді.

Ал жауапты мекемедегілер заңға енгізілген өзгерістерге байланысты жабайы ит-мысықты аулауда кедергілер бар екенін алға тартады.

"Шағым түсті екен деп аяқастынан барып аулай алмаймыз. Оған жаңа заңның талаптары қарсы", – дейді Талғат Қожабергенов, облыс әкімдігі ветеренаия басқармасының бөлім басшысы.

Қазір қалада да, ауылда да ит қауып алған жағдайлар көбейіп кетті. Аш итке таланып жатса да, бұралқыларды аулай алмай отырған мекемеден күдерін үзген жұрт Жануарларды қорғау туралы Заңға өзгерістер енгізілсе деп үміттенді.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу