Жамбыл облысының орталығында аз қамтамасыз етілген 150 отбасына азық-түлік таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Zhambylnews.kz-ке сілтеме жасап.
Қайырымдылық іс- шара "Өркениет" қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Қордың "Ақдастархан" жобасының аясында қаланың Құмшағал, Шөлдала, Көлтоған ауылдарындағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға күнделікті күнбағыс майы, макарон, қант, ұн, шай, күріш сияқты азық-түлік түрлері таратылып берілді. Барлығы 150 отбасыға таратылған себеттің әрқайсысының құны - 6000 теңге.
"Қазіргі қымбатшылық заманда жетім-жесірлерге жәрдемдесіп жатқандарына үлкен рахмет. Мынау бала анасының құрсағында 7 айлық кезінде әкесіз қалып еді. Тапқан бір айлық жалақы ештеңеге жетпейді. Беріп отырған азық-түлікті, біз бір емес, 6-7 айға жеткіземіз", - дейді Айша бибі ауылының тұрғыны Лескүл Әмірова.