2019 жылы Тараз қаласының тұрғыны халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қайта тіркеуге және жеке куәлігін ауыстыруға өтініш берген. Бірақ олар бас тартқан.
ХҚО оның Ресей азаматтығын қабылдауына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылғаны туралы ІІМ дерекқорындағы жазбаны көрсетеді.
Содан бері ол Ресей азаматтығын қабылдамағанын айтып, бірнеше рет полицияға хабарласқан.
Осылайша, арызданушы 3 жыл бойы өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмаған.
2023 жылдың мамырында Ресей Сыртқы істер министрлігі Тараз тұрғыны Ресей азаматтығын алуға өтініш бермегенін, Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жазбаларында оның азаматтық алғаны туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады.
Осы хат пен қызметтік тексеру қорытындысы негізінде полиция департаменті азаматтың жеке куәлігінің жарамсыз деген мәртебесін жойды. Ол полиция департаментінен моральдық шығын үшін 3 млн теңге өндіріп беруді сұрап Тараз қалалық сотына жүгінген.
Сотта жауапкердің өкілі бар кінәні шетел мекемесі – Ресей Федерациясының федералдық көші-қон қызметі басқармасына жауып, талапты мойындамады.
Сондай-ақ, қаңтар оқиғасы кезінде (2022 жылы) әкімшілік ғимараттардың қирауына байланысты жәбірленушінің полицияға (2019-2020 жылдары) жүгінгені туралы ақпарат жоқ болып кеткені айтылды.
Қазақстан азаматтығын жоғалтудағы азаматтың кінәсі анықталған жоқ. Жауапкер талап қоюшының өтінішін уақытылы қарамаған, оның ішінде полиция қызметкерлерінің 3 жылдан астам уақыт бойы оның конституциялық құқығын қалпына келтіру үшін тиісті шара қабылдамаған, салдарынан ол ұзақ уақыт бойы нақты құқықтық мәртебесіз өмір сүрді.
Сөйтіп сот осының бәрі моральдық азап шегуге әкеп соқты деген қорытындыға келді. Осыны ескере отырып, талап ішінара қанағаттандырылды. Яғни, полиция департаментінен 300 мың теңге моральдық шығын өндірілді.