Бүгін Тараздың Достық үйінде инвестиция тарту мен агрохимия саласын дамыту мәселелеріне арналған "Taraz Invest – AgroChemical Day 2016" халықаралық инвестициялық форумы өтуде, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Шараны Жамбыл облысының әкімдігі "Бірікккен химия компаниясы" ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастыруда. Форумға 300-ге жуық адам қатысуда. Олардың арасында Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдері, ҚР АШМ өкілдері, даму институттары, ұлттық компаниялар, екінші дәрежелі банктер, "Даму" қоры, "Бірлескен химия компаниясы", отандық бизнес өкілдері, экономика саласының сарапшылары, мемлекеттік орган басшылары бар.
Форумның модераторы ретінде Қазақстан банктерінің қауымдастығы кеңесшісі Қуат Домбай, техника ғылымдарының докторы, академик Уәлихан Бишімбаев, Қазақстан туристері қауымдастығының басшысы Рашида Шайкенова сөз сөйлейді.
Форумның ашылуына Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов қатысты.
"Жылдан жылға Жамбыл облысы жергілікті өндірісті дамытуға инвестиция тарту, жайлы ахуал қалыптастыру үшін индустриялды әлеуетін арттырып келеді", – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, форумның басты мақсаты – кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, инвесторларды қолдау шараларын талқылау, мемлекет заңнамаларына өзгерістер мен түзетулер енгізу, шағын және ірі бизнес үшін өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, кәсіпкерліктегі мемлекеттік қолдау құралдарын анықтау. Форумның соңында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін меморандумға қол қойылады деп жоспарлануда.