Жамбыл облысының Спорт басқармасы "бюджет қаражаты жоқ "деген желеумен бір жылға жуық уақыт бойы балалардың спортпен шұғылдану кезегін заңсыз тоқтатқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қалалық прокуратураның қадағалау актісіне сәйкес, Damu bala платформасында кезек қалпына келтіріліп, 4560 кәмелетке толмаған балалардың құқықтары қорғалды.
4 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында екі басшы бар.
Тараз қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғауға да назар аударды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған таксилер тек жұмыс күндері мен күндізгі уақытта тасымалдау қызметін көрсететіні анықталды. Прокуратураның қадағалау актісі нәтижесінде "Инватакси" жұмыс режимі қайта қаралды.
Енді балалар такси қызметін тәулік бойы, соның ішінде мереке және демалыс күндері де пайдалана алады.