Тараздың Қарасу шағынауданындағы зират аумағында орналасқан мемориалға зақым келтірген адамдар іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараз әкімдігінің мәліметінше, бейтаныс адамдар кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды бүлдірген. Биыл қала әкімдігі мен Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығы бірлесіп, ескерткіш аумағын толық абаттандырып, қайта жаңғыртқан еді.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдарына арыз жолданды. Жамбыл облысының полиция департаменті осы дерек бойынша тергеу басталғанын растады.
– Аталған дерек бойынша ескерткішті қорлау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір құқық бұзушыларды анықтап, ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта ескерткішті бүлдіргендердің ұсталғаны немесе күдіктілердің анықталғаны туралы ақпарат жоқ.
Қала әкімдігі ескерткіштің жақын арада толық қалпына келтірілетінін мәлімдеді.