Көше атының ауысқанына ұзақ уақыт өте қойған жоқ. Тақтайшадағы жазуын ауыстырып үлгермеді деуге келмейді. Себебі дойбының тақтасы секілді бір үйде жаңа атауы, келесіде ескісі, одан кейін қайтадан жаңа атау, тағы екі-үш жерде "Бейбітшілік" деп көрсетілген, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Ленин көшесі 87" ден кейін "Шерхан Мұртаза 85", тағы жүз метр жүрмей жатып, "Бейбітшілік 81" деген жазу алдыңыздан шығады.
Ленин көшесінің атын қазақшалау туралы мәселе бұған дейін сан мәрте көтерілген.
Алты жыл бұрын "Ленин атын бір адамға бола ауыстырмай отыр" деген әңгіме де шыққан. Сол кезде тиісті сала басшылары көше атын ауыстыру кезінде тұрғындардың талап-тілегі ескерілетіні айтылған.
Сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ленин көшесінің атын Бейбітшілік деп атау туралы ұсыныс түскенін мәлімдеген. Бейбітшілік деген атау сол бастамадан қалған секілді.
Жалпы Таразда мағынасы ескірген атаудағы 195 көше бар. Биыл 9 айда он көшенің атауы ауысты. Соның ішінде Ленин көшесіне Шерхан Мұртаза есімі берілген болатын.
Ал бұрынғы Памир көшесі енді Жалаңтөс батырдың атымен аталады.
Айта кету керек, қалада 1442 көше бар. Алдағы уақытта тағы 22 көшенің атауы өзгереді деп күтілуде.
Жергілікті әкімдік атауларды өзгерту бойынша ұсынысты республикалық ономастикалық комиссияға жолдаған.