Қыркүйек айының екінші жартысында Тараз қаласында Халықаралық инвестициялық туризм форумы өтеді, деп хабарлайды ortcom.kz.
Жамбыл облысында орналасқан туристік нысанның бесеуі ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Жалпы онда 3 350 тарихи-жәдігерлік, туристік нысан бар. Оның ең таңдаулы 33 нысаны Халықаралық инвестициялық туризм форумына келетін туристерге көрсетуге дайындық үстінде.
"Форум аясында халықаралық көрме ұйымдастырамыз. Еліміздегі басты шара ЭКСПО-2017 көрмесі бізге тәжірибе қалыптастырмақ. Сонымен қатар, ақпараттық тур ұйымдастыру да маңызды. Шетелден келген қонақтарды еліміздің бай тарихи мұраларымен ақпараттандыру шарасы жүргізілмек. Тур операторлар көп тілді меңгерген кәсіби мамандардан болады", – деді Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда.