Экс-шенеунікке лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша іс қозғалған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тараз қаласының № 2 сотының мәліметінше, экс-шенеунікке қатысты аса ауыр салдарға әкеліп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша іс қозғалды. Онымен бірге аса ірі көлемде алаяқтық жасау бабы бойынша кәсіпкер де сотқа тартылды. Сотта оның Тараз қаласы әкімдігінің мемлекеттік тендер бойынша бес қабатты 3 тұрғын үй салумен айналысқаны анықталды. Алайда құрылысты аяқтамаған және объектілер бойынша құрылыстың аяқталғандығы туралы жалған актілер жасаған.
"Қалдыбаев лауазымды тұлға бола отырып, Е-ге пайда мен артықшылықтар алу мақсатында өзінің қызметтік өкілеттіктерін қызметтің мүдделеріне қайшы асыра пайдаланып, Е-ге 519 млн теңгеден астам бюджет қаражатын аудару үшін негіз болған осы актілерге қол қойған", - делінген сот хабарламасында.
Келтірілген залал ішінара құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу арқылы өтелді, ал өтелмеген залал сомасы 137 млн теңгеден астам соманы құрайды, оның ішінде Е-нің қылмыстық әрекетінің салдарынан келтірілген залал сомасы 104,8 млн теңгені, ал Е. мен К-нің ортақ қылмыстық әрекеттерінің салдарынан келтірілген залал сомасы 32,8 млн теңгені құрайды.
Сотталушылардың кінәсі куәлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Сотта кәсіпкер өз кінәсін мойындады, ал экс-шенеунік мойындамады.
Сот үкімімен сотталушылар келесі баптар бойынша кінәлі деп танылып: кәсіпкер ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша - 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыруға; экс-шенеунік ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша - белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.