Тараз қаласында қалың қар жауғаннан кейін су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында инженерлік-алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ТЖМ әскери қызметшілері мен құтқарушылары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бірлесіп, қардың қарқынды еруінен туындайтын су басу қаупін азайту шараларын жүргізді.
Сонымен қатар, аула аумақтары судан тазартылып, еріген қар суының кедергісіз ағуы үшін арық жүйелері тазартылды.
Жүргізілген алдын алу шаралары су тасқыны қаупін төмендетуге, тұрғындардың мүлкін қорғауға және көктемгі кезеңде қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері алдын алу шараларын жүргізу үшін Жамбыл облысына барды. Жоғары су тасқыны қаупі кезеңінде профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін Жамбыл облысына №28237 әскери бөлімінің бөлімшесі жіберілді.
ҚР ТЖМ мәліметінше, жеке құрам Жаңатұрмыс ауылдық округіне орналастырылды. Әскери қызметшілер су басу қаупін азайту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылым нысандарын ықтимал төтенше жағдайларға дайындау жұмыстарымен айналысады. Барлығы 25 әскери қызметші мен 2 техника бірлігі жұмылдырылған.