Таразда ұйтқыған желдің екпіні секундына 29 метрге дейін жетіп, біраз ғимарат шатырсыз қалды, деп хабарлайды Хабар 24.
Салдарынан көп қабатты тұрғын үйлер мен бірнеше балабақшаның шатыры ұшып, қабырғасы зақымданды. Сондай-ақ ағаштар құлап, электр желілері үзілді. Жарық сөнгендігі жөнінде жүзге жуық өтініш түскен. Мамандар түнімен жұмыс істеп, бірқатар нысанды қалыпқа келтірді. Бүгін жауапты органдардың мамандары төтеннен келген шығынды есептеп, қалпына келтіруге кірісіп жатыр.
"Тұрғындардан көптеген хабарлама түсті. Ұшқан шатырлар көлікті басып қалған, ағаштар құлаған. Біраз жерде жарық сөнген. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпар түскен жоқ. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мониторинг жүргізіліп жатыр", - дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Азат Әбдіразақов.