Таразда көп қабатты тұрғын үйдің шатыры өртеніп кетті

1409

Тал түсте жалынға оранған ғимараттың тұрғындары жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.  

Таразда көп қабатты тұрғын үйдің шатыры өртеніп кетті

Ал шатыры күлге айналған үй ішіндегі пәтерлерде болған адамдар дін аман. Дегенмен, күздің қара суығында шатырсыз қалған тұрғындар төтенше оқиғаға жергілікті билікті кінәлап отыр. Олар өрт тозығы жеткен электр сымдарынан тұтанды деген пікірде.

Тілсіз жауды көрген тұрғындар арасында есінен танып қалғандары да бар.

2 шағын аудандағы 17 үйдің шатырынан шыққан өрт түс ауа басталған. Жел болмаса да қызыл жалын бірден жайылып кеткен.

Төтенше жағдай мамандары оқиға орнына жедел жетіп, 80-ге жуық адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Оның ішінде 20-сы балалар. Жарақат алып, күйіп қалғандар жоқ.

"Бес баламен далада қаңғып қалдық. Сол электр сымдары дер кезінде жөнделгенде, мұндай жағдай болмас еді", – дейді тұрғындардың бірі. 

Ал қалалық әкімдіктің өкілдері әр үйдің электр жүйесіне жауап бермейтіндерін баса айтуда. Дегенмен жалынды мамандар бір сағатта ауыздықтады. Құтқарушылар көп пәтерлі үйдің қасынан жедел штаб жасақтап қойған.

"Өрттің көлемі 840 шаршы метр. Пәтерлерге өрттен зақым келген жоқ, адам шығыны, зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебін жедел тексеру тобы құрылып, неден болғанын анықтайды", – дейді Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Сабыров.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов шатырды жөндеуге қаражат бөлінетіндігін айтады. 

"Өрт толық сөндіріліп біткеннен кейін, үйдің жағдайы зерделенеді. Себебі бұл үй жарықтан, газдан, өзге де коммуналдық қызметтерден ажыратылған. Судың қай қабатқа дейін өтіп кеткенін, электр құрылғылардың қандай жағдайда екенін біз білмейміз. Соның бәрін зерттеп болғасын шешім қабылдаймыз", – дейді ол.

Айта кетейік, шатыры жанған баспана 40 жыл бұрын бой көтерген. Онда 80 пәтер бар.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу