Таразда қырыққа жуық қоғамдық көлік рейске шықпай қойды

1067

Таразда қырыққа жуық қоғамдық көлік рейске шықпай қойды

Таразда екі бірдей бағыт бойынша қатынайтын қырыққа жуық қоғамдық көлік рейске шықпай қойды, деп хабарлайды КТК.
Соның салдарынан қала тұрғындары діттеген жеріне жете алмай аялдамада сағаттап тұруға мәжбүр болды. Автобус жүргізушілерінің мұндай қадамға баруына тасымалдаушы компания басшысының күнделікті жоспарды кенеттен көтеріп жіберуі себеп болған. Наразы топ оны түсірмейінше тапжылмаймыз деп табандап тұрып алды.
Компания жүргізушілерге күніне 19 мың теңге жоспар бекіткен. Бірақ оны орындау мүмкін емес дейді шу шығарғандар. Олар қалай шығынға батып, кімге қанша қарыз боп жатқандарын да тәтпіштеп түсіндіріп берді. Айтуларынша, күніне ең көбі 35 мың теңге табыс түседі. 19 мыңды автопаркке берсе, 10 мыңға жанармай құйып, қалғаны кондуктордың ақысы мен ас-суға жұмсалады. Ал өзіме соқыр тиын қалмайды дейді жүргізушілер.  
"Ашыңызшы қарыздарды. Жоспарды дұрыс тапсырмайсыңдар. Машинаның бәрі кредитке алынған әлі жабылған жоқ. Бөлшек, машина бәрі кредитке алынған. Мен оны қалай жабамын, сендер жоспар тапсырмасаңдар?",- деп жүргізушілерге дүрсе қоя берді "Сапар-Транс" ЖШС бас директоры Айнұр Валиева.
Шу шығарғандар талаптары орындалмаса жұмысқа мүлдем шықпаймыз деген еді. Алайда компания жүргізушілердің уәжіне құлақ аспай, жоспар құнын сол күйі өзгеріссіз қалдырды. Осыдан кейін әрекеттерінен түк шықпасын түсінгендер амалсыз қайта жұмыстарына кірісуге мәжбүр болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу